2015 жылғы 29 сәуір,Астана қаласы
Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде
ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын бекіту туралы
«Ғарыш қызметi туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті (Т.А. Мұсабаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күн жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсiн.
4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және
даму министрінің міндетін атқарушы Ә.ИСЕКЕШЕВ
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
______________________ А. Сәрінжіпов
2015 жылғы 9 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі
__________ И. Тасмағамбетов
2015 жылғы 15 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
комитетінің төрағасы
______________ Н. Әбіқаев
2015 жылғы 18 тамыз «КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_______________ Қ. Қасымов
2015 жылғы 22 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ В. Школьник
2015 жылғы 13 шілде
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 29 сәуірдегі №525 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде
ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғарыш қызметі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңынының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бірлесіп орындаушы – орындаушымен шарт (келісімшарт) бойынша ғарыш қызметі саласындағы жобаны (бұдан әрі – жоба) іске асыру үшін тауарлар жеткізуді (жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді) жүзеге асыратын тұлға;
2) жобаның бастамашысы – жобаға бастамашы болуға шешім қабылдайтын жеке немесе заңды тұлға (Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, өзге де мемлекеттік мекемелер, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік және халықаралық ұйымдар);
3) ғарыш жүйесін қауіпсіз пайдалану – белгілі бір жағдайларда және белгіленген уақыт ішінде берілген функцияларды орындау кезінде пайдаланушы персоналға, тұрғындарға, ғарыш жүйесіне, түйіндес объектілерге, қоршаған ортаға және жер төңірегіндегі кеңістікке қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын немесе бағаланатын тәукелдерден асырмайтын кездегі жай-күйді пайдалану жүйесінің сақтап қалу қасиеті;
4) ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі – техникалық құралдардың, әдістердің, нормативтік құқықтық, нормативтік-техникалық, конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасының, ұйымдық-техникалық, әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-гигиеналық іс-шаралардың, ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге жауапты органдар мен лауазымды тұлғалардың ретке келтірілген жиынтығы түсініледі;
5) жобаны орындаушы – жобаны әзірлеуді және іске асыруды басқаруға, оның ішінде ғарыш объектілері мен жерүсті ғарыш инфрақұрылымының объектілерін құру және пайдалану жөніндегі қажетті құжаттаманы әзірлеуге жауапты тұлға;
6) тапсырыс беруші – оның мүддесінде ғарыш жүйесі құрылатын және ғарыш жүйесі немесе, егер олар нақты ғарыш жүйесінен бөлек жасалатын болса оның құрамдас бөліктері, құрылатын және ғарыш жүйесін құруға техникалық тапсырманы бекіткен ұйым (Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, мемлекеттік мекемелер, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік және халықаралық ұйымдар);
7) тұтынушы (түпкі пайдаланушы) – тапсырыс беруші немесе ғарыш жүйелерінің нысаналы міндеттерінің орындалу нәтижелерін өз мүдделерінде пайдаланатын (өнімді (қызметтерді) қабылдаушы) мемлекеттік орган, кез келген ұйым немесе жеке тұлға.
3. Ғарыш жүйелерін құруға және пайдалануға (қолдануға) қатысатын ұйымдар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне (бұдан әрі – Экологиялық кодекс), «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Денсаулық сақтау туралы кодекс), Заңына және Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» 2000 жылғы 7 маусымдағы, «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
4. Әскери (қосарлы) мақсаттағы ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) процесін ұйымдастыру «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Ғарыш жүйелерін, сондай-ақ жүйелердің жекелеген құрамдас бөліктерін, егер олар нақты ғарыш жүйесінен жеке құрылса (жаңғыртылса), құру және пайдалану (қолдану) тапсырыс берушінің техникалық тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы ұйымдарының шетелдік ұйымдардың қатысуымен ғарыш жүйелерін құру, пайдалану (қолдану) жөніндегі қызметі осы Қағидаларға сәйкес және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қатысуынан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелері ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
7. Ғарыш жүйелерін құру жөніндегі қызметті қаржыландыру республикалық бюджеттен және (немесе) басқа да көздерден жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде
ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) тәртібі
8. Ғарыш жүйелерін құру Заңның 15-бабына сәйкес жүзеге асырылады және мыналарды:
1) ғылыми әзірлемелерді (жоба алды зерттеулер, техникалық тапсырманы әзірлеу);
2) жобалауды (ғарыш жүйесінің миссиясын талдау, жобаның орындалуын айқындау, нобайлық жобалау, егжей-тегжейлі жобалау);
3) жасауды (ғарыш жүйесінің орбиталық (ғарыштық) және жерүсті техникалық құралдары мен тиісті жерүсті қосалқы аппаратурасын әрі бағдарламалық қамтамасыз етуді жасауды, құрастыруды және сынауды);
4) құрылысты (ғарыш жүйелерінің жерүсті кешендері үшін ғимараттар мен құрылыстар);
5) монтаждауды (ғарыш жүйелерінің жерүсті кешендерінің технологиялық жабдығы);
6) ғарыш жүйелерін сынауды (ғарыш аппараттарын ұшыру, ұшу ғарыштық және сынақ сынауларын өткізу);
7) ғарыш жүйесін пайдалануға қабылдауды қамтиды.
9. Ғылыми әзірлемелер «Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ Заңның 14-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Ғарыш жүйесінің миссиясын талдауды жобаның бастамашысы, орындаушы мен түпкі пайдаланушылардың өкілдері жүзеге асырады және ол мыналарды:
1) қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерге, сондай-ақ сенімділікті, қауіпсіздікті, пайдалану шектеулерін қамтамасыз ету шарттарына негізделе отырып, жобаны әзірлеу барысында іске асырылатын міндеттер қоюды;
2) тұтастай ғарыш жүйесіне және оның құрамдас бөліктеріне алдын ала техникалық ерекшеліктерді әзірлеуді;
3) бас жоспарларды, жұмыстардың орындалу кестелерін жасауды, негізгі бірлесіп орындаушыларды айқындауды;
4) жобаның қаржылық тартымдылығын жақсарту жөніндегі маркетингтік зерттеулерді;
5) тәуекелді алдын ала бағалауды қамтиды.
11. Жобаның орындалуын айқындауды орындаушы мен бірлесіп орындаушылар жүзеге асырады және мыналарды:
1) жобаның менеджмент жоспарын, жүйелі жобалау жоспарын және сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды қоса алғанда, өнімнің (ғарыш жүйесі мен оның құрамдас бөліктерінің) сапа кепілдігі жоспарын әзірлеуді;
2) ғарыш жүйесінің жүйелік және пайдалану тұжырымдамалары мен құрылымын әзірлеуді, олардың алдын ала техникалық ерекшеліктеріне сәйкестігін тексеруді, айқынсыздық пен тәуекел деңгейлерін айқындауды;
3) іске асыруға, құнына, жоспар-кестелерге, ұйымдастыруға, өндіруге, пайдалануға, қызмет көрсету мен пайдаланудан шығаруға жататын шектеулерді анықтау жолымен техникалық және ұйымдық тұжырымдамаларды орындау мүмкіндігін бағалауды;
4) проблемалық мәселелерді талдауды және оларды шешу жолдарын айқындауды;
5) жобаның техникалық және ұйымдық орындалуын бағалау үшін сыни элементтерді айқындауды;
6) тәуекелді бағалауды;
7) «Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу реестрінде № 9938 тіркелген) сәйкес техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеуді қамтиды.
Процесті орындау нәтижелері жобаның бастамашысына және түпкі пайдаланушылардың өкілдеріне шешім қабылдау үшін жіберілуі тиіс.
12. Нобайлық жобалауды орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды:
1) жобаның күнтізбелік жоспарын әзірлеуді;
2) қажетті жабдықты және оның жеткізушілерін талдауды және таңдауды;
3) сенімділік пен қауіпсіздік сипаттамаларын бағалауды;
4) ғарыш жүйесін, оның құрамдас бөліктерін верификациялау бағдарламасын, сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағдарламаларын әзірлеуді; 5) сыртқы интерфейстерді сәйкестендіруді;
6) орбиталық және жерүсті техникалық құралдарының және сатып алынатын бұйымдардың ерекшеліктерін әзірлеуді;
7) сатып алынатын бұйымдарға келісімшарт жобаларын әзірлеуді;
8) тәуекелдерді бағалауды қамтиды.
13. Егжей-тегжейлі жұмыс жобалауды орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды:
1) сыни элементтерді өндіруді, сынауды және алдын ала саралауды;
2) инженерлік моделдер жасауды және сынауды;
3) ішкі және сыртқы интерфейстерге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеуді; 4) тәуекелдерді нақтыланған (қайта) бағалауды;
5) ғарыш жүйесінің және оның құрамдас бөліктерінің соңғы сындарлы бейнесін әзірлеуді;
6) ғарыш жүйесін және оның құрамдас бөліктерін құрастыруды, ықпалдастыруды және сынау жоспарларын қоса алғанда, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы әзірлеуді;
7) пайдаланушының нұсқаулығын әзірлеуді қамтиды.
14. Әзірлеуді орындаушы мен бірлесіп орындаушы жүзеге асырады және мыналарды: 1) ғарыш жүйесінің орбиталық (ғарыштық) және жерүсті техникалық құралдары мен тиісті жерүсті қосалқы аппаратурасын әрі бағдарламалық қамтамасыз етуді жасауды, құрастыруды және сынауды;
2) ғарыштық және жерүсті сегменттерінің арасындағы өзара әрекеттестікке дербес және кешенді сынауды;
3) саралау сынауды және олармен байланысты верификациялау жөніндегі қызметті қамтиды.
15. Құрылыс «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Монтаждау конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.
17. Ғарыш жүйелерін сынауды орындаушы жүзеге асырады және ұшу сынауларына дайындықтан және ұшу сынауларынан, іске қосу алдындағы дайындықтан, іске қосудан, ұшудың ғарыштық және сынақтық сынау өткізуден, орбитадағы бастапқы пайдалану мен орбитадағы верификациялаудан (валидациядан) тұрады.
18. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін қабылдау, пайдалануға беру, пайдалану (қолдану) осы Қағидаларға және «Ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы міндетін атқарушының 2012 жылғы 3 сәуірдегі № 40-НҚ бұйрығымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу реестрінде № 7612 тіркелген) (Бұдан әрі – Қабылдау қағидалары), сондай-ақ ғарыш жүйесі мен құрамдас бөліктеріне арналған конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады. 19. Ғарыш жүйесінің ерекшелігін және ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органнның келісімі бойынша тәуекелдер деңгейін бағалауды ескере отырып:
1) ғарыш жүйесін құру процестерін біріктіруге;
2) процестерді параллельді-дәйекті орындауға рұқсат етіледі.
20. Ғарыш жүйесін құру процестерінің әрқайсысы жобаны қарау кезеңдерін (түйінді нүктелер) қамтуы тиіс, олардың нәтижелері үдерістің орындалуын жалғастыру немесе келесі процеске өту дайындығы мен мүмкіндігін айқындайды.
Келесі процес жұмыстарының басталуы туралы шешімді орындаушы қабылдайды.
21. Ғарыш жүйелерін және құрамдас бөліктерін пайдалану (қолдану):
1. тәжірибелік пайдалануды;
2.штаттық пайдалануды;
3. штаттан тыс пайдалануды қамтиды.
22. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін тәжірибелік, штаттық және штаттан тыс пайдалану кезінде орындаушының, пайдаланушы ұйымның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауын ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
23. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ, ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйесін пайдалану (қолдану) үдерісі конструкторлық-технологиялық құжаттамаға, пайдалану құжаттарына және пайдалану, техникалық қызмет көрсету және кешенді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларға сәйкес миссияның мақсаттарына қол жеткізу, жерүсті сегментін пайдалану және жерүсті сегментін қолдау жөніндегі жұмыстар үшін барлық орбиталық операцияларды орындауды қамтиды.
24. Жобаны құру жөніндегі ұсынысты қалыптастыру және ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) салалық сараптамаға енгізу Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 483 бұйрығымен бекітілген Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 маусымда № 11397 тіркелді).
25. Жобаның салалық сараптамасының оң қорытындысын алған жағдайда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес орындаушы бірлесіп орындаушымен шарттық (келісімшарттық) негізде жобаны іске асыру жұмыстарына кіріседі.
26. Орындаушы мен бірлесіп орындаушылар арасындағы шарт (келісімшарт) мынадай міндетті ережелерді:
1) ғарыш жүйесі мен құрамдас бөліктеріне қойылатын техникалық ерекшелігін; 2) жұмыстардың мазмұның, оның ішінде жабдық пен құжаттаманы жеткізу, ғарыш жүйесін жобалау, ықпалдастыру, верификациялау мен сынау, өнім сапасының кепілдігін қамтамасыз ету, технологияларды беру, ғарыш аппаратын ұшыру (егер ол жобада көзделсе), сақтандыру, пайдалануға беру жөніндегі жұмыстардың тізбесін, мерзімі мен олардың орындаушыларын; 3) ғарыш жүйелері мен құрамдас бөліктерін құру және пайдалану жөнінде мамандар даярлау жоспарын;
4) ғарыш жүйесін құрудың жоспар-кестесін;
5) өнім (ғарыш жүйесінің және (немесе) оның құрамдас бөліктерінің) сапасы кепілдігінің жоспарын қамтуы тиіс.
Қажет болған жағдайда, тараптар шартқа (келісімшартқа) қосымша ережелерді қоса алады.
27. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылған жағдайда ғарыш жүйесін құруға арналған шартта (келісімшартта) мынадай талаптарды қамтуы тиіс: 1) ғарыш аппаратын жобалау, құрастыру және сынау (егер бұл жобада көзделсе) ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросында және Қазақстан Республикасының ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде жүргізілуі тиіс;
2) шартта (келісімшартта) құрылуы көзделген ғарыш жүйесін жобалау және жасау технологияларын беру.
28. Республикалық бюджет есебінен құрылатын ғарыш жүйесі қызметтерінің тұтынушылары болып табылатын мемлекеттік органдар осы ғарыш жүйесіне қойылатын талаптарды қалыптастыруға қатысады.
29. Жоба бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және технологиялық жұмыстар нәтижелеріне меншік құқығы Заңға сәйкес оларды пайдалану жөніндегі тиісті шарттарда (келісімшарттарда) ескеріледі.
30. Жоба шеңберінде құрылатын ғарыш жүйелеріне кіретін барлық ғарыш объектілері, сондай-ақ осы ғарыш объектілеріне құқықтар Заңның 11 бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады.
31. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен жобаның орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
32. Ғарыш жүйесінің сапасын (кепілдігін) қамтамасыз ету үшін жоба мынадай құрамдас құрылымдарға бөлінеді:
1) функционалдық тармақ – ғарыш жүйесінің функцияларға бөліну нәтижесінде шығатын құрылымы;
2) ерекшелік тармағы – орбиталық (ғарыштық) және жерүсті техникалық құралдары үшін барлық техникалық талаптардың иерархиялық өзара байланысын айқындайтын құрылым;
3) бұйым тармағы (бөлу схемасы) – функционалдық тармақта дәйекті деңгейлерге белгіленген функцияларды орындау үшін біріктірілген бағдарламалық және техникалық құралдарды бөлу нәтижесінде шығатын құрылым; 4) еңбек шығындарының құрылымы – құнын, жоспар-кестені және техникалық мазмұнды басқару үшін еңбек шығындарын сипаттайтын құрылым:
5) жұмыс пакеті – жоспарлау, мониторингілеу және бақылау үшін өлшенуге және басқаруға тиіс жұмыстарды бөлу құрылымының элементі;
6) ұйымдастыру құрылымы – интерфейстер мен келісімшарт бойынша жауапкершілікті қоса алғанда, жобаны ұйымдастыруды сипаттайтын құрылым.
33. Ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген жобаның барлық үрдістерінде әзірленген және бекітілген бағдарламалардың кешені мен ұйымдастыру-техникалық іс-шаралары болып табылады.
34. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін Экологиялық кодекстің, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің, Денсаулық сақтау туралы кодекстің, «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Азаматтық қорғау заңы) талаптарын басшылыққа алу қажет.
35. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін ғарыш жүйелері мен тұтастай ғарыш инфрақұрылымының объектілерін де және ғарыш жүйесін пайдаланудың жекелеген позициялық аудандары мен жұмыс учаскелерін (орындарын) де қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі құрылады.
36. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесінің негізгі мақсаты ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде қауіпті жағдайларды болдырмау немесе олардан келетін зардапты барынша азайту болып табылады. 37. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі қызметінің негізгі бағыттары:
1) пайдаланушы бөлімшелердің жұмыс істеуінің регламенттелген жағдайларын жасау үшін ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде жүргізілетін барлық жұмыс түрлерін, нормативтік-техникалық, пайдалану және қажетті құжаттамамен қамтамасыз ету;
2) осы қызмет түрін қауіпсіздік жөніндегі білікті мамандармен, құралдармен және қолдау әдістерімен қамтамасыз ету;
3) ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жоспарлау мен ұйымдастыру, басқарудың барлық деңгейіндегі қызметті үйлестіру;
4) ғарыш жүйелерін ұйымдастыру мен тікелей пайдалануға қатысатын барлық жеке тұлғалардың белгіленген нормаларды, қағидаларды және қауіпсіздік шараларын сөзсіз және дәл орындауларына қол жеткізу;
5) ғарыш жүйелерін пайдалану кезінде ықтимал қауіпті оқиғалардың алдын алатын іс-шараларды жоспарлау мен іске асыру және дер кезінде болдырмау; 6) қауіпті оқиғалар салдарын жою кезінде олардан келетін зардапты барынша азайтуға қол жеткізу мақсатында қолда бар ресурстарды тиімді қолдану; 7) тұрғындар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін қауіп туындаған кезде уәкілетті органды, энергетика, ішкі істер және қорғаныс министрліктерін, ұлттық қауіпсіздік комитетін, ұйымдар мен азаматтарды уақтылы хабардар ету;
8) қауіпті оқиғалардың себептерін жан-жақты және егжей-тегжейлі зерттеу, зерттеу нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау және оқиғалардың қайталануын болдырмау мақсатында тиісті ұйымдық-техникалық шараларды жүргізу;
9) ғарыш жүйелерін құруға және пайдалануға қатысатын ұйымдардың ғарыш жүйелерінің қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету мәселелері бойынша зерттеу жүргізу болып табылады.
38. Қауіпті және зиянды факторлардың пайдаланылушы персоналға, техникалық құралдарға, ұштастырылған және басқа да объектілерге, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға әсер ету табиғатына қарай қауіптің мынадай түрлері болуы мүмкін:
1) электр қаупі;
2) жарылыс қаупі;
3) өрт қаупі:
4) радиациялық қауіп;
5) аса жоғары жиелікті сәулелену көздерінен төнетін қауіп;
6) биологиялық қауіп;
7) химиялық және ластау заттарының әсер ету қаупі;
8) механикалық әсер ету қаупі;
9) климат, жылу және жарық әсерінен болатын қауіп;
10) табиғи және жасанды ғарыш объектілерінен («ғарыш қоқысынан») болатын қауіп;
11) пайдаланушы персоналдың қате әрекеттерінен және ғарыш жүйелері қызметінің өздігінен бұзылуынан болатын қауіп;
12) дүлей апаты (жер сілкіну, дауыл, нөсер) қаупі.
39. Осы Қағидалардың 38-тармағанда санамаланған қауіп түрлерінің әрқайсысы бойынша тиісті қауіпсіздік шаралары, сондай-ақ осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген ғарыш жүйелерін құру және пайдалану үдерістерінде Қазақстан Республикасының энергетика, ішкі істер министрліктері әзірлейтін және бекітетін сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламалардың іс-шаралары жоспарлануы және орындалуы тиіс.
40. Ғарыш жүйелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды, ұйымдастыруды, өкілеттік пен жауапкершілікті, жүзеге асыруды, орындау мониторингі мен бақылауды ғарыш жүйелерін пайдалану ұйымдарының барлық лауазымды тұлғалары мен басшылары Азаматтық қорғау заңының талаптарына және конструкторлық-технологиялық және пайдалану талаптары мен функционалдық міндеттерге сәйкес жүзеге асырады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 22 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12090 болып енгізілді.